Баянауыл курорттық аймағының ресми логотипі бекітілді.

Баянауыл – табиғаты талайды тамсандырған өлке. Арқаның інжу-маржанына баланған байтақ жер. Қазақтың қасиеті мен қастері сақталған атырап.

Ұйық мекен іздеген Асан Қайғы Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», — деп, Баянауылды өзіне жайлау етіпті деген аңыз осынау өлкенің тарихын тереңнен тануға шақырады.

Табиғаты тылсым, тарихы терең өңірдің құрсағынан түлеген «қыздары көркем май гүлі, ұлдары көпке әйгілі».

Осындай кереметтерге куә қылған Баянаула қазіргі уақытта жазғы және қысқы туризмнің негізгі орталығына айналды. Еліміздегі ең үздік 10 демалыс аймағының қатарына енген Баянауыл курорттық аймағын төрткүл дүниеге таныту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта Баянауыл курорттық аймағының ресми логотипін бекіту үшін Баянауыл ауданының әкімдігі «Логотип» әзірлеу бойынша ашық байқауын өткізді. Байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Ақсу қалаларынан, Баянауыл ауданынан барлығы 15 қатысушы тіркеліп, 59 жұмыс ұсынды. Қатысушылар арасында Павлодар облысы логотипініңавторы – Қасымхан Жапанов (Нұр-Сұлтан қаласы), Баянауыл ауданы логотипінің авторы – Ықыласов Түсіп Қамысбайұлының (Баянауыл ауданы) жұмыстары бар.

Байқау комиссиясы жұмыстардың айқындығына, тартымдылығына, креативтілік ерекшеліктеріне баға беріп дауысқа салды. Байқау қорытындысы бойынша «Баянауыл» жазуы қазақы нақыштағы ою өрнекпен жазылған, күннің, таудың, көлдің бейнесін білдіретін элементтері бар Қасымхан Жапановтың жұмысы көпшілік дауысқа ие болып, жеңімпаз деп танылды. Байқау жеңімпазы ұйымдастырушы тарапынан 500,0 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталады.

Байқау жеңімпазының жұмысы «Баянауыл ауданының дене тәрбиесі спорт, және туризм бөлімі» ММ-нің зияткерлік меншігі болып табылады және Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» N 6-I Заңының 49- бабына сәйкес қорғалады.